Жаңалықтар
NIS Талдықорған оқушылары бидайдың жаңа сортын шығарумен айналысады
16 қыркүйек 2024 22:08
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары гендердің өнімділігі әсерін қарастырып, бидайдың жаңа түрін зерттеп жатыр.
2017 жылдан бері Талдықорғандық Зияткерлік мектеп "Ғалымдармен жұмыс" жобасы сәтті жүзеге асыруда. ҚазҰУ, Назарбаев Университеті, сондай - ақ Беларусь сынды жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарының жетекшілігімен оқушылар бірқатар ғылыми жұмыстар зерттеп, қорғады.
Бұл жолы Зияткерлік мектептің дарынды оқушылары бидайдың жаңа сортын зерттеп, өсіруге, сондай-ақ жеделдетілген селекция әдістерін зерттеуге кірісті. Жетекшісі Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымы Қанат Ермекбаев болды.
— Бидай – дүние жүзіндегі басты дақылдардың бірі. Дегенмен, біздің елімізде бидайдың өнімділігі ондаған жылдар бойы салыстырмалы түрде төмен, гектарына шамамен 1 тоннаны құрап отыр. Сондықтан бидай өсімдігінің биіктігін генетикалық бақылауды түсіну арқылы өндірісті жақсартудың маңызды міндетіне айналады, өйткені бұл фенотип өнімділіктің құрамдас бөлігі болып табылады», - деді сұхбатында 10-сынып оқушысы Ален Оразбек.
Аталмыш жоба бойынша алты оқушы бірлесіп жұмыс істейді. Бүгінде жас ғалымдар 5А және 6А хромосомаларының аллельді тіркесіміне негізделген ДНҚ-ны зерттеп жатыр.
Айта кетсек, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жылдамдық селекция» және «молекулярлық селекция» сияқты өсімдік шаруашылығының соңғы әдісін қолданып, ғалымдар 60 күнде алғашқы бидай егінін алды.