Жаңалықтар
«ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МЕКТЕП ПІКІРСАЙЫС ФОРМАТЫ КОНТЕКСТІНДЕ ПІКІРСАЙЫС КЛУБТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ӨҢІРЛІК ДЕБАТ ЖЕТЕКШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚУ-ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР
16 қыркүйек 2024 09:32
ӨСКЕМЕНДЕ «ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МЕКТЕП ПІКІРСАЙЫС ФОРМАТЫ КОНТЕКСТІНДЕ ПІКІРСАЙЫС КЛУБТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ӨҢІРЛІК ДЕБАТ ЖЕТЕКШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚУ-ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ.
Өскемен қаласында химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «OzgerTeam» Қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен, өңірдегі пікірсайыс клубтарының жетекшілері үшін «Дүниежүзілік мектеп пікірсайыс форматы контекстінде пікірсайыс клубтарын ұйымдастырудың жаңа әдістері» атты оқу-практикалық семинар өтті. Бұл шараға Шығыс Қазақстан облысының әр түкпірінен 100-ге жуық педагог және пікірсайыс жетекшілері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – пікірсайыс клубтарының тиімді жұмыс істеуіне жаңа әдіс-тәсілдер енгізу, қатысушыларға дебаттық қозғалыс саласында тәжірибе алмасу және кәсіби дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік жасау. Іс-шараның бағдарламасы түрлі тренингтер, топтық жұмыстар және пікірталастардан тұрды. Мұнда қатысушылар әлемдік пікірсайыс форматтары, олардың ерекшеліктері және Қазақстанда пікірсайыс мәдениетін дамыту бойынша тыңғылықты ақпарат алды.
Семинарға қатысқан жетекшілер мен спикерлердің кәсіби деңгейі жоғары болды. Олардың қатарында мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Турганбаев Канат Еделович, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тайшыман Айгерім Жайлыбекқызы және ШҚУ студенті, ШҚО пікірсайыс қауымдастығының координаторы Сарсенбаев Жігер Төлегенұлы бар. Бұл мамандар семинар барысында пікірсайыс клубтарын басқару және ұйымдастыру әдістемелерімен бөлісіп, қатысушыларға практикалық дағдыларды үйретті.
Семинардың қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Бұл сертификаттар олардың пікірсайыс клубтарын ұйымдастырудағы кәсіби шеберліктерін арттырғандығының белгісі ретінде берілді. Сонымен қатар, топтық жұмыстар барысында пікірсайысшылар арасындағы командалық жұмыс, уақытты тиімді пайдалану және дебаттың әдіс-тәсілдеріне қатысты тың идеялар талқыланды.
Қорытындылай келе, өңірлік семинар пікірсайыс қозғалысын дамыту және мектептердегі пікірсайыс клубтарын басқару мәселелерінде тың қадамдар жасауға септігін тигізді. Бұл оқыту іс-шарасы пікірсайысшыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, оларды практика жүзінде тәжірибелермен таныстырды, сондай-ақ олардың кәсіби өсуіне бағытталған маңызды қадам болды.