Жаңалықтар
🌱«Ғажайып керамика» тақырыбында шеберлік сағаты өтті
19 қаңтар 2026 16:53
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Көркемсурет» галереясында «Қоғамға қызмет» және «Тифло-музей» жобалары аясында «Ғажайып керамика» тақырыбында шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шара №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының оқушыларына арналды. Шеберлік сағатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Art Lab» үйірмесінің жетекшісі Индира Губашева өз шәкірттерімен бірге өткізді. Сабақ барысында қатысушылар саз балшықпен жұмыс істеу техникасын меңгеріп, түрлі жануарлар бейнесінде композициялық жұмыстар жасады.
Шеберлік сағатының негізгі мақсаты — зағип және әлсіз көретін оқушылардың ұсақ қол моторикасын дамыту, шығармашылық қабілеттерін арттыру және бейнелеу, сәндік-қолданбалы өнерге баулу болды. Іс-шара оқушылардың қызығушылығын оятып, олардың шығармашылық белсенділігін арттырды.
Шара соңында кітапхана қызметкерлері «Art Lab» үйірмесінің жетекшісі мен шәкірттеріне алғыс білдіріп, пікір алмасып, ризашылықтарын жеткізді.