Жаңалықтар
NIS үздік педагогі-2026: Нурсауле Нурмагамбетова I орын иегері атанды
01 мамыр 2026 09:21
Шымкент қаласы Абай ауданындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нурсауле Нурмагамбетова Қарағандыда өткен «NIS үздік педагогі – 2026» республикалық байқауында үздік нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. Биылғы байқауда Зияткерлік мектептердің мектепішілік кезеңінен іріктелген 20-дан астам педагог өзара бақ сынады. Қатысушылар ашық сабақ өткізіп, авторлық әдістемелік тәжірибелерін таныстырды, сондай-ақ білім берудің өзекті бағыттары бойынша зерттеу жұмыстарын ұсынды. Нурсауле Абзалқызы – 18 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар, оның ішінде 13 жылдан астам уақыт Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде қызмет етіп келе жатқан сарапшы-мұғалім. Ол білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындау, сондай-ақ бағалау тапсырмаларын құрастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Педагогтің кәсіби қоржынында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, халықаралық және республикалық деңгейдегі «Үздік сабақ» байқауындағы I орын, «Үздік әдістемелік құрал авторы» номинациясы бойынша I дәрежелі диплом секілді бірқатар маңызды жетістіктер бар. Сонымен қатар Нурсауле Нурмагамбетова – оқулық авторы, әдістемелік құралдар құрастырушы, оқу сауаттылығы мен саралап оқыту бағытында тәжірибе жинақтаған білікті маман. Ол халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби қауымдастықта жоғары бағаланып келеді. Педагогтің жетекшілігімен дайындалған оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болып, тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетуде. Бұл жеңіс – жоғары кәсібилік пен жүйелі еңбектің, үздіксіз ізденіс пен сапалы білім беруге деген ұмтылыстың айқын дәлелі.