Жаңалықтар
Shymkent-Abai NIS волонтерлері «Ордабасы» базасының ашылуында
20 қаңтар 2026 15:57
Шымкент қаласында «Ордабасы» футбол клубының заманауи оқу-жаттығу базасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қаладағы спорт инфрақұрылымын дамыту – өскелең ұрпақтың денсаулығы мен кәсіби спорттың болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Аталған маңызды іс-шараға Shymkent-Abai NIS мектебінің волонтер оқушылары Сералы Даниалдың жетекшілігімен белсене қатысты. Оқушылар ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсетіп, шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.
Халықаралық стандарттарға сай салынған жаңа спорт нысаны кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды жоба болып табылады. Айта кетейік, Shymkent-Abai NIS мектебі мен «Ордабасы» футбол клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бұл серіктестік оқушылардың спорт саласындағы тәжірибесін арттыруға және түрлі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қалалық деңгейдегі маңызды шараға қатысқан волонтерлеріміз мектеп абыройын жоғары деңгейде көрсетіп, белсенді азаматтық ұстанымның жарқын үлгісін танытты.