Жаңалықтар
NIS жүйесінде жылдың үздік педагогі анықталды
29 сәуір 2026 09:00
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Нұрғазы Тұрсынғазин «NIS үздік педагогі–2026» республикалық байқауының желілік кезеңінде жүлделі II орын иеленді.
Биыл байқауға Зияткерлік мектептердің мектепішілік кезеңінде үздік деп танылған 21 педагог қатысып, өзара кәсіби шеберліктерін сарапқа салды. Қатысушылар ашық сабақтар өткізіп, авторлық педагогикалық тәжірибелерін ұсынды. Сондай-ақ білім беру үдерісіндегі өзекті бағыттар бойынша жұмыс нәтижелерін таныстырды.
Нұрғазы Сеитқазыұлының білім беру жүйесінде 12 жылдық еңбек өтілі бар, оның ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жүйесінде 11 жыл қызмет етіп келеді. Педагогикалық шеберлік деңгейі – мұғалім-сарапшы. Осы жылдар ішінде жас буынның ғылымға қызығушылығын арттыруға және облыстағы олимпиадалық қозғалыстың дамуына айрықша үлес қосып келеді. Ұстазымыздың шәкірттері республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Кәсіби дамуды басты қағида еткен ұстазымыздың жетістіктер қоржынында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында II орын, халықаралық IMPACT олимпиадасының екі дүркін жүлдегері, республикалық «Математикалық регата» олимпиадасының III орын сынды айтулы жетістіктері бар. Сонымен қатар, беделді ғылыми-тәжірибелік WALS, CARN және NIS Conference конференцияларында баяндама авторы ретінде тәжірибе таратып келеді.
Ұстазымыздың бүгінгі жетістігі – кәсіби шеберлік пен үздіксіз ізденістің, жаңашылдыққа деген ұмтылыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да Сізге толағай табыс, шығармашылық серпін мен биік белестер тілейміз!