Жаңалықтар
Әдебиет арқылы тоғысқан екі ел: Семей мен Португалия оқушыларының онлайн-кездесуі
04 ақпан 2026 17:00
2026 жылғы 4 ақпанда Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен педагогтері Португалияның Escola Secundária de Paços de Ferreira мектебімен халықаралық онлайн-кездесу өткізді. Іс-шара Дүниежүзілік дауыстап оқу күні аясында ұйымдастырылып, екі ел жастарын әдебиет арқылы тоғыстырды.
Кездесудің негізгі өзегі – мәдениетаралық диалог пен рухани құндылықтарды насихаттау. Қазақстандық оқушылар ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы шығармашылығын таныстырып, jн тоғызыншы Қара сөзді мәнерлеп оқыды. Талқылау барысында білімнің адам өміріндегі рөлі, тәжірибе мен адамгершілік ұстанымдардың маңызы сөз болды.
Португалиялық оқушылар да ұлттық әдеби мұраларынан үзінді ұсынып, өз елінің мәдени ерекшеліктері туралы баяндады. Онлайн алаңда өткен пікір алмасу ашық әрі мазмұнды сипат алды.
Халықаралық кездесу екі мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, жаһандық ойлау мәдениетін қалыптастыруға серпін берді.