Жаңалықтар
Қызылордадағы NIS-те «Ерлікке тағзым» әскери-спорттық сайыс өтті
08 мамыр 2026 12:41
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне орай «Ерлікке тағзым» атты әскери-спорттық жарыс өтті.
Сайысқа 11-сынып оқушыларынан құралған 7 взвод қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың патриоттық рухын қалыптастыру, әскери дағдыларын дамыту, жауапкершілік пен командалық бірлікті нығайту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау.
Іс-шараның құрметті қонақтары – Ауған соғысының ардагерлері Еркін Отаров, Құрманғазы Әбжалиев, Нұрадин Бекетаев қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
Турнир бағдарламасы бес кезеңнен тұрды: Калашников автоматының макетін бөлшектеу және жинақтау, командирлер сайысы, винтовкадан ату, алғашқы медициналық көмек көрсету, саптық дайындық және патриоттық ән орындау.
Жарыс қорытындысы бойынша І орын – 11 «Е» сыныбы, ІІ орын – 11 «В» сыныбы, ІІІ орын – 11 «D» сыныбы жеңіп алды.
«Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттырып, ел тарихына деген құрметін қалыптастырады және Отанға қызмет етуге дайын болуға тәрбиелейді», – дейді ардагер Нұрадин Бекетаев.




