Жаңалықтар
Мектептегі Наурыз думан
21 сәуір 2026 16:15
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтілді. Ұстаздар, оқушылар және ата-аналар бас қосқан шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бірлік пен ынтымақты нығайтты.
Мереке таң шапағымен басталып, ата-аналар бауырсақ пісіріп, қызметкерлер наурыз көже дайындады. Келушілер жатақхана тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары жәрмеңкесіне қатысып, ұлттық нақыштағы туындыларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Мерекелік бағдарлама аясында оқушылар ұлттық би билеп, ән шырқап, қазақ халқының дәстүрлері мен ғұрыптарын сахналық қойылымдар арқылы көрсетті. Тұсау кесу, бата беру рәсімдері орындалып, Наурыз мейрамының мәні мен маңызы кеңінен ашылды.
«Бұл мереке арқылы біз оқушылар бойында отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік және отбасы құндылықтарын қалыптастырамыз. Бір шаңырақ астында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан айтулы күннің тәрбиелік мәні зор», – дейді мектеп директоры Акбар Тусупбаев.
Шараның екінші бөлігінде қатысушылар ұлттық спорт түрлері бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, ләңгі тебу, гір көтеру, қол күрес және арқан тарту жарыстарында үздіктер анықталды.
Ұлттық рухты ұлықтаған мереке мектеп қауымдастығын біріктіріп, Наурыздың шынайы атмосферасын сыйлады.