Жаңалықтар
«Жүректен жүрекке»: оқушылар мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін үйлестірді
16 наурыз 2026 11:03
«Наурызнама» мерекелік онкүндігі аясында Сыр өңіріндегі NIS «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясын өткізді. Игі бастамаға оқушылар, ата-аналар және мектеп қызметкерлері белсенді қатысып, мұқтаж жандардың жанұяларын азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Қауымдастық мүшелері күріш, макарон өнімдері, ұн, қант, шай, өсімдік майы, консервіленген тағамдар және басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктер молынан алып келді.
Жиналған «жақсылық себеттері» аймақтағы 12 отбасыға, қала тазалығын қамтамасыз ететін қызметкерлерге табысталды. Сонымен қатар мектеп жатақханасының оқушылары да акцияға белсенді түрде қатысып, 6 отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетті.
«Жүректен жүрекке» акциясы мектеп қауымдастығын ортақ игі іске біріктіріп, өскелең ұрпақ бойында жанашырлық, мейірімділік секілді құндылықтарды қалыптастыруда маңызды бастама болды.




