Жаңалықтар
Air Astana ұшқышымен кездесу
20 қаңтар 2026 11:50
Кәсіби бағдар беру жұмысы аясында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары авиация саласының өкілдерімен кездесті.
Air Astana әуе компаниясының Airbus A320 әуе кемесінің екінші ұшқышы, әлемдегі жетекші ұшу мектептерінің бірі FTE Jerez (Испания) түлегі Келешек Имангельдин өзінің кәсіби жолы, ұшу мектебіндегі оқу кезеңдері және авиациядағы алғашқы қадамдары туралы әңгімеледі.
Тыңдаушылар үшін Air Astana компаниясы ұсынатын ұшқыштар мен авиациялық техниктерді даярлау бағдарламалары туралы ақпарат ерекше қызығушылық тудырды. Спикер бағдарламаға қабылдау шарттары, үміткерлерге қойылатын талаптар, іріктеу кезеңдері және оқуды аяқтағаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді.
Сонымен қатар ұшқыш мамандығында табысты болу үшін қажетті негізгі қасиеттерге тоқталып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Мұндай іс-шаралар кәсіби бағдар беру жұмысы шеңберінде оқушылардың мамандықтар әлемі туралы түсінігін кеңейтіп, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауына ықпал етеді.