Жаңалықтар
Қазақтың ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған мектепішілік байқау басталды
21 қаңтар 2026 18:23
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақтың ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған мектепішілік байқау басталды.
Өткен оқу жылында петропавлдық NIS-те Абайдың 180 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Онда оқушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу, зияткерлік сайыстар, сурет байқауы, ғылыми және шығармашылық жобалар, арт-фестивальге қатысқан болатын. Биыл мектеп осы игі дәстүрді жалғастырып, барлық оқушылар мен шаңырақтарды біріктіретін жаңа байқаулар циклін іске қосуды ұйғарды.
Барлық байқаулардың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған шаңырақтың оқушылары демеушілердің қолдауымен Абайдың туған жеріне бару мүмкіндігіне ие болады.
Жоба аясындағы алғашқы байқау — «Абайды танып біл!» атты зияткерлік тест болды. Байқауға әр шаңырақтан 9 оқушыдан қатысты. Тест тапсырмалары үш бағыт бойынша әзірленіп, оқушылардың білім Абайдың өмірі, Абайдың шығармашылығы және қара сөздері бойынша тексерілмек. Аталған шаралар легі оқушылардың Абай мұрасын тереңірек тануына, ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік бермек.