Жаңалықтар
«10 Days of Kindness with KiVa» онкүндігі
25 ақпан 2026 12:02
Балалар арасында буллингінің алдын алу, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат ететін KiVa бағдарламасы бойынша атқарылып жүрген тәрбиелік жұмыстар көп. Мектебімізде ақпан айында «10 Days of Kindness with KiVa» тақырыбында онкүндік ұйымдастырылды.
Қауіпсіз әрі сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру мақсатында онкүндік Activity-ден басталды. «Мейірімді жүрек» бейнесіндегі кейіпкер балалардың көңіліне қуаныш ұялатты. «KiVa қауіпсіз орта, буллингке жол жоқ» атты суреттер көрмесі аталған бағдарламаның құндылықтарын насихаттаса, «Буллингісіз мектепке» апаратын станциялар – KiVa Quest (квест-ойын), топтық ойындар ынтымақтастықта командамен жұмыс істеуге үндеді. Сонымен қоса «Буллинг жеке мәселе ме, әлде қоғам дерті ме?» дебат ойындары балаларға осы мәселеге қатысты көзқарастарын қалыптастыруға оң ықпал етті.
Онкүндік шеңберінде ұйымдастырылған сауалнамалар, «Ашық микрофон» және «Қауіпсіз мектеп, заң және жауапкершілік» талқылау алаңдары, жасырын буллинг пен желідегі жауапкершілікті қозғайтын KiVa сабақтары, «Камера қосулы: буллингке жол жоқ» бейнеролик байқауы, аялдамалық тапсырмалар, ата-аналар қауымымен болған викторинкалық ойын да мазмұнды әрі қызықты өтті.
Мектеп ішінде жылу сыйлайтын атмосфера қалыптастыру үшін «Мейірімді сөздер қабырғасы» акциясы көрініс тапты. Балалар кіршіксіз сезімдері мен жүрекжарды сөздерін қағаз бетіне түсіру арқылы жеткізді.
«Қауіпсіз орта, мейірімді қоғам – бақытты болашақ» мотивациялық кітаптар жәрмеңкесі адамгершілік пен сыйластық құндылықтарын насихаттауды көздеді. Үлкен үзілістерде тақырып аясында жазылған таңдамалы туындылар назарға ұсынылды. «Жазушы Дулат әлемдегі АДАМ болмысы» атауымен әдеби аялдама шарасы, академиялық адалдықты, көшбасшылық дағдыларды насихаттайтын «Top Leader & Lady Leader NIS» форум-конкурсы оқушыларға буллинг ұғымы жайында дұрыс көзқарас қалыптастыруға септігін тигізді.
- Бұл он күн ішінде буллинг ұғымы туралы тереңірек мәлімет алдық. Мұғалімдеріміз өткізген іс-шаралар адал дос болуға, айналадағы барлық жанды барлық болмысымен қабылдауға және сыйлауға үйрете алды айта аламыз, - деген оқушылар тарапынан кері байланыстар болды.