Жаңалықтар
АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ: ЖАТАҚХАНА - ШҰҒЫЛАЛЫ ОРТАМ
01 наурыз 2026 10:49
Орал қаласы NIS жатақханасында Алғыс айту күніне арналған «Жатақханам – шұғылалы ортам» атты мерекелік іс-шара өтті.
Оқушылар ата-аналар қауымына күмбірлеген күй де, әуелеген ән де сыйлады. Осы оқу жылын тәмамдайтын болашақ түлектер жеткен жетістіктері жөнінде әзірлеген таныстырылымдарын көрсетті. Жатақхана меңгерушісі Мағрипа Масалимова да өз сөзінде жатақхана қабырғасынан жыл сайын жан-жақты дамыған, білімді жастар түлеп ұшатынын атап өтті.
Іс-шара түрлі шеберлік сағаттарынан тұратын 7 түрлі «аялдама» форматымен ерекшеленді. «Шебер қолдар» аялдамасында қатысушылар сабын жасау технологиясымен танысып, өз қолдарымен табиғи сабын дайындап көрді. «Цифрлық сауаттылық» аялдамасында электронды үкімет порталы, цифрлық қолтаңба және 2-GIS қосымшасын тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді. «Армандар алаңында» ата-ана мен оқушылар бірлесіп армандар картасын жасап, болашаққа мақсат қойды. «Kitchen Studio» аялдамасында оқушылар пицца дайындап, ас әзірлеу мәдениетін көрсетті. «Тоқыма өнері» бөлімінде ұлттық қолөнер насихатталып, қонақтар ілмек теру және тоқу техникасымен танысты. «Тактильді кітап» аялдамасында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған кітап жасау жолдары көрсетілді. Ал «Асыл мұра» бөлімінде қамшы өру тәсілдері таныстырылып, ұлттық мұраның маңызы дәріптелді.
Ата-аналар қауымы да алған әсерлерімен бөлісіп, ризашылықтарын жеткізді. Шара соңында балалар мен ата-аналар бір-біріне арнап жазған хаттарымен алмасты. Бұл сәт ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасындағы ерекше жылылық пен мейірімділікті айқындады.