logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

ШӘМШІ ӘНДЕРІ – ЖАЙЫҚ ТОЛҚЫНЫНДА

22 қаңтар 2026 14:43

Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән-ғұмыр» («Шәмші әндері – Жайық толқынында») қайырымдылық балын өткізді. Аталған шара биыл бесінші мәрте ұйымдастырылды.

Өңіріміздегі білім саласының белді өкілдері, қала және облыстық мектеп директорлары, көптеген мекеме басшылары дәстүрлі шарамыздың меймандары болды.

Орал қаласы NIS директоры Жұлдыз Сапарқызы кеш қонақтары мен қатысушыларына алғысын білдіріп, Шәмші балы өнер әдебиет пен мәдениетті, өнер мен қайырымдылық бағытын бір арнаға тоғыстырған игі шара екенін жеткізді.

Қайырымдылық балы көрнекті композитордың шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпақтың төл өнерге деген мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Бұл жолы балл тақырыбы Батыс өңірінен шыққан белгілі тұлғалардың рухани мұрасымен сабақтастырылды. Жұбан Молдағалиев, Хамза Есенжанов, Қадыр Мырза Әли, Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығымен үндескен сахналық қойылымдар назарға ұсынылды.

Мектеп мұғалімдері, 12-сынып оқушылары, ата-аналар қауымы және БҚО Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері Шәмші Қалдаяқовтың әдемі әуендеріне жұптаса биледі. Арнайы бекітілген әділ қазылар алқасы биші жұптарды бағалап, «Кеш ханы мен ханымы», «Жұлдызды жұп», «Сырлы сымбат», «Вальс толқынында» номинацияларымен марапаттады.

Дәстүрлі шарамыздың тұрақты қолдаушыларына айналған БҚО Іскер әйелдер қауымдастығы атынан аталған қауымдастық мүшесі, "PRIORITET" жол құрылыс компаниясының басшысы, Орал қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшесі Тәжғұл Жанна Тәжғұлқызы Шәмші балының бірқатар ұйымдастырушыларына Алғыс хаттары мен сый-сыяпатын ұсынды.

Айта кетейік, дәстүрлі қайырымдылық балының биылғы жиналған қаражаты Орал қаласы NIS-тің кіші қызметкеріне (жалғызбасты әке) материалдық көмек ретінде табысталады.

Фотогалерея

image-
image-
image-