Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS оқушылары – халықаралық Fibonacci чемпионатының жүлдегерлері
28 сәуір 2026 09:18
Көкшетаудағы NIS оқушылары халықаралық аренада өздерін сенімді түрде танытты: «Januya» командасы Анталья қаласында өткен беделді Fibonacci робототехника чемпионатында 2-орын иеленді. Биылғы турнирге 11 елден 629 команда қатысып, жоғары деңгейдегі бәсекелестік қалыптасты.
Жобаны дайындаған команда құрамында 10-сынып оқушылары Мансур Ыдырыс, Кәмшат Қосар, Дария Сейтжан, Дәмелі Жаңбыршы, Юсуф Жарқын және 9-сынып оқушысы Инаят Рахметулина бар. Информатика пәнінің мұғалімі Анара Капанаеваның жетекшілігімен оқушылар «Жасанды интеллект көмегімен құстардағы ауруларды ерте диагностикалау» атты бірегей жүйені сәтті қорғады.
Аталған жоба құс шаруашылығы саласына арналған кешенді цифрлық экожүйе болып табылады. Оның басты мақсаты — шаруашылық тиімділігін арттыру және шығындарды азайту. Жүйе бейнебақылау мен температуралық көрсеткіштерді талдау арқылы құстардың жай-күйін тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект алгоритмдері құстардың мінез-құлқы мен физикалық жағдайындағы ауытқуларды жедел анықтап, ауруларды ерте кезеңде диагностикалауға жағдай жасайды.
Бұл әзірлеме бұған дейін де сарапшылар тарапынан жоғары бағаланған. Атап айтқанда, «Januya» жобасы «Samsung Solve for Tomorrow 2025» байқауының үздік ондығына еніп, 300 000 теңге көлеміндегі грантты иеленсе, «Girls Go First Startup Battle» сайысында жүлделі 2-орынға ие болды.