logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Көкшетаудағы NIS-те «Келіндер көтерілісі» комедиялық спектаклі қойылды

06 наурыз 2026 12:15

Көкшетаудағы NIS-те «Глобус» театр үйірмесінің мүшелері дайындаған «Келіндер көтерілісі» комедиялық спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымға 8, 10, 11 және 12-сынып оқушылары қатысып, әйгілі шығармадағы жарқын образдар мен нәзік әзілді шебер жеткізе білді.

Спектакль аншлагпен өтті: жас актерлерге қолдау көрсетуге ата-аналар, мұғалімдер мен мектеп оқушылары жиналды. Шынайы ойын, мәнерлі диалогтар мен динамикалық сюжет қойылымды тартымды етіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Спектакльдің режиссері әрі театр үйірмесінің жетекшісі – Асылбек Ташимов. Оның айтуынша, бұл қойылымның орны бөлек, себебі көптеген оқушылар оның жетекшілігімен бірнеше жыл бойы дайындалған.

«Бұл – төрт жыл бойы қасымда болған шәкірттерім. Осы уақыт ішінде олар кәсіби тұрғыдан өсті. Бүгінгі таңда олардың актерлік шеберлігі нағыз мамандардан кем түспейді», – деп атап өтті режиссер.

Сондай-ақ, ол бұл көрсетілімнің өзі үшін қуанышты әрі тебіреністі сәт болғанын жеткізді.

«Шәкірттеріме атқарған жұмыстары мен театрға деген шынайы сүйіспеншіліктері үшін алғысым шексіз. Бұл тәжірибе олардың болашағына міндетті түрде септігін тигізеді. Әрине, түлектермен қоштасу біраз мұңды, бірақ уақыт бір орнында тұрмайды. Алда жаңа шәкірттер мен жаңа таланттар күтіп тұр, ал біздің мектепте дарынды балалар өте көп», – деп бөлісті Асылбек Ташимов.