Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS-те «Көктем аруы – 2026» байқауы өтті
05 наурыз 2026 12:43
Көкшетаудағы NIS-те 7-сынып оқушылары арасында «Көктем аруы – 2026» сұлулық пен шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамын арттыру, оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу және бойларына инабаттылық, кішіпейілділік пен салт-дәстүрге құрмет сияқты асыл қасиеттерді ұялату.
Байқау бағдарламасы негізгі үш кезеңді қамтыды. «Таныстырылым» деп аталатын алғашқы тапсырма аясында қатысушылар өздерін таныстырып, жеке жетістіктерімен бөлісті. Екінші кезең өнердің түрлі жанрлары бойынша шығармашылық қабілеттерді паш етуге арналды. Сайыс соңында оқушылар мультфильм кейіпкерлерінің кейпіне еніп, дефиле көрсетті және авторлық костюмдердің орындалу сапасы мен креативті идеяларын паш етті.
Қазылар алқасының шешімімен «Көктем аруы – 2026» байқауының бас жүлдесін Амира Алтынбекова иеленді. Жүлделі бірінші орынды Іңкәр Әшімжан мен Амира Марат өзара бөлісті. Екінші орын Тоты Оразоваға, Айару Сүйіндікке және Маргарита Ермолаеваға бұйырса, үшінші орынға Дәмелі Сейілбек, Аделин Кожикова және Зере Өмірзақ лайық деп танылды.
Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараға GoldCity зергерлік желісі қолдау көрсетіп, компания негізін қалаушы Әсел Шәкірованың атынан әрбір аруға бағалы сыйлықтар табыс етілді.