Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS оқушылары Teeneagle халықаралық олимпиадасының өңірлік кезеңінде күміс медаль иеленді
04 наурыз 2026 15:01
Көкшетаудағы NIS-тің 8-сынып оқушылары Айша Мұхтар мен Айбар Мыңбай ағылшын тілі бойынша беделді Teeneagle халықаралық олимпиадасының өңірлік кезеңінде күміс медаль жеңіп алды. Алматы қаласында өткен бұл зияткерлік додаға Қазақстан, Моңғолия, Макао және Қырғызстан елдерінің ең мықты оқушылары қатысты.
Teeneagle олимпиадасы өзінің форматымен ерекшеленеді: қатысушылардан тек тілдік білім ғана емес, арнайы ресурстар негізінде екі айлық терең дайындық талап етіледі. Байқау бағдарламасы екі кезеңнен тұрды. Айша мен Айбар эссе жазу барысында академиялық жазу дағдыларының жоғары деңгейін көрсетсе, емтихандық квизде терең білімдері мен жан-жақты эрудициясын дәлелдеді. Сегізінші сынып оқушыларының жетістігі – олардың сыни ойлау қабілетінің, нақты дәлел келтіру шеберлігінің және ағылшын тіліндегі түпнұсқа дереккөздермен сапалы жұмыс істей білуінің нәтижесі.
Күміс жүлде иелену арқылы оқушылар олимпиаданың финалдық кезеңіне жолдама алды. Енді олардың алдында әлемдік деңгейдегі мүмкіндік тұр: Айша мен Айбар финалдық кезеңді өткізу үшін Ұлыбритания, АҚШ немесе Біріккен Араб Әмірліктерінің бірін таңдай алады.
Бұл жоғары нәтижеге қол жеткізуге ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айна Нурмуканованың қажырлы еңбегі зор үлес қосты. Ол оқушыларды байқаудың барлық кезеңіне дайындап, жетекшілік етті.