Жаңалықтар
WORK OUT FEST – 2026
12 мамыр 2026 09:16
Атыраудағы NIS-те оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылықты арттыру және белсенді өмір салтын насихаттау мақсатында ауқымды WORK OUT FEST–2026 фестивалі ұйымдастырылды.
Спорттық шара мектеп оқушыларын бір алаңға тоғыстырып, күш-жігердің, ептілік пен төзімділіктің нағыз мерекесіне айналды. Фестиваль барысында қатысушылар әртүрлі спорттық аталымдар бойынша өзара бақ сынап, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Атап айтқанда, оқушылар футбол добын тебу, ұлдар мен қыздар арасында планкаға тұру, 100 метрге жүгіру, секіртпемен секіру, баскетбол себетіне доп салу, шығыршық айналдыру, ұзындыққа секіру және денені жерден көтеру секілді спорт түрлерінен жарысты.
Жарыс барысында қатысушылар тек жеңіске ұмтылып қана қоймай, бір-біріне қолдау көрсетіп, достық пен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Әсіресе, жанкүйерлердің қолдауы мен қатысушылардың белсенділігі ойын көркін қыздыра түсті.
WORK OUT FEST–2026 – дені сау, белсенді әрі жігерлі ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Шара соңында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы марапатталып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.