Жаңалықтар
Атырауда «Қамқор жан» қайырымдылық кеші өтті
24 сәуір 2026 17:01
Атырау қаласындағы NIS базасында дәстүрлі «Қамқор жан» қайырымдылық концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ізгілікке толы әсерлі кешке айналды. NIS, БИЛ, BINOM және «Достық» мектептерінің оқушылары Bastau волонтерлік ұйымымен бірлесе өткізген бұл игі шараға 500-ге жуық қала тұрғыны жиналды.
Кештің басты мақсаты – көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Биылғы концерттен түскен қаражат атыраулық 5 жасар Зайнабтың еміне жұмсалмақ. «Миастения гравис» диагнозы қойылған оған шетелде арнайы ем қабылдау қажет. Қайырымдылық кеші барысында жиналған қаржы кішкентай Зайнабтың сауығып кетуіне үлкен үміт сыйлады.
Концерт бағдарламасы ерекше мазмұнға толы болды. Төрт мектептің оқушылары жанды дауыста ән шырқап, заманауи билер билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, әзіл-сықақ қойылымдары кештің ажарын аша түсті. Кеш «Ғашықпын Саған» фильмінің эстетикасында безендіріліп, көрермендерге ерекше атмосфера сыйлады.
Шара барысында ұйымдастырылған food-аймақтар да келушілердің көңілінен шығып, кештің сәнін келтірді. Ең бастысы – бұл кеш мейірім мен жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналып, бір баланың өміріне үміт сыйлаған маңызды қадам болды.