Жаңалықтар
Ұлттық құндылық ұлықталған думан
19 наурыз 2026 15:00
Атырау қаласындағы NIS жанындағы жатақханада Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Ұлыстың ұлы күніне арналған бұл кешке ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар бір кісідей жиналып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды шараның куәсі болды.
Кештің шымылдығы ақ жаулықты әжелердің ақ батасымен түріліп, шашылған тәтті шашумен жалғасын тапты. Қазақы нақыштағы ұлттық киім киген қыздардың әсем биі мен ұлдардың жігерлі «Қара жорғасы» көрерменге ерекше әсер сыйлады. Домбыраны серік еткен ұлдар күй төгіп, ұлттық өнердің құдіретін паш етсе, оқушылар сахналаған көріністер рухани құндылықтардың мәнін тереңінен ұғындырды.

Салтанатты кештің ерекше сәттерінің бірі – тұсаукесер рәсімі болды. Бұл құрмет мектеп директоры Ерали Бижановқа ұсынылып, бүлдіршіннің алғашқы қадамы жасалды.
Сонымен қатар, айтыс өнері қайта жаңғырып, қонақтар суырыпсалма ақындардың әсерлі сөз сайысын тамашалады. Кеш соңында мектепте шөбересін оқытып жатқан 90 жасар әженің ақ батасы беріліп, мереке мәні одан әрі тереңдей түсті.
Ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылған бұл думанды кеште жиналған қауым шат-шадыман күй кешіп, Наурыздың шынайы рухын сезінді.