Жаңалықтар
Жақсылық жасап жарысайық: «Махамбет» шаңырағының ізгілікке толы қадамы
16 наурыз 2026 09:01
Наурызнама онкүндігінің әр күні игі істермен өрілуде. Соның ішінде 15 наурыз — «Қайырымдылық күні» мерекелік күнтізбеде ерекше орын алады. Бұл күні мейірімділік пен жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсету мақсатында Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Махамбет» шаңырағы, атап айтқанда 9H сынып оқушылары мен ата-аналары үлкен акцияға қатысты.
«Жақсылық жасап жарысайық» деген ұранды ту еткен жас зияткерлер жалғыз басты, көп балалы ананың шаңырағына қамқорлық қолын созды. Оқушылар мен ата-аналар бірлесе отырып, отбасының қажеттіліктерін алдын ала ескеріп, бірнеше айға еркін жететін азық-түлік себетін (ұн, май, жармалар, тәттілер және т.б.) және тұрмыста аса қажетті жуғыш-тазалау құралдарын жинақтады.
Бұл қайырымдылық шарасының мәні биыл ерекше тереңде. Себебі, Наурыз мейрамының басталуы мен қасиетті Рамазан айының тұспа-тұс келуі ізгі істердің сауабын еселей түсті. Оқушылар отбасына тек заттай көмек қана емес, сонымен қатар жылы лебіздерін білдіріп, мереке алдында нағыз көктемгі көңіл-күй сыйлады.
Көп балалы ана мектеп ұжымы мен ата-аналардың бұл ерекше назарына дән риза болып, ақжарма алғысын жаудырды. Ол өз сөзінде мұндай қолдаудың отбасы үшін үлкен демеу екенін және балалардың бойындағы мейірімділікке сүйсінгенін жеткізді.
Бұл бастама — жас ұрпақтың бойында жанашырлық, бауырмалдық және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын қалыптастырудағы маңызды қадам. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, 9H сыныбының бұл әрекеті қоғамда жақсылықтың үзілмейтін тізбегін жалғастыруға шақырады.