logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

«Махамбет» шаңырағы Атырау тұрғындарын Көрісу күнімен құттықтады

13 наурыз 2026 16:21

Наурыз мейрамының бастауы — 14 наурыз, Көрісу күні мен Амал мерекесі Атырау қаласында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Осы айтулы күнге орай, Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Махамбет» шаңырағы, атап айтқанда 7G сынып оқушылары қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Тамаша» сауда-ойын-сауық орталығында өткен шара барысында мектеп оқушылары мен ата-аналар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Орталыққа келген қала тұрғындарын Амал мерекесімен жылы құттықтап, халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша «Бір жасыңызбен!» айтып, төс қағыстырып, ізгі тілектерін жолдады.

Мерекелік шараның ажарын ата-аналар мен оқушылардың дайындаған тартулары аша түсті. Олар көпшілікке ұлттық дәм — ақтан (сүт өнімдерінен жасалған тағамдар) ауыз тигізіп, қазақ халқының қонақжайлылығын көрсетті. Сонымен қатар, сауда орталығының іші күмбірлеген күйдің қоңыр үніне бөленіп, домбыраның үні жиналған қауымның рухын көтерді.

Шара соңында ақ жаулықты аналар мен қариялар атыраулықтарға ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен отбасылардың амандығын тіледі. Бұл бастама жас ұрпақтың бойында ұлттық салт-дәстүрге деген құрметті оятып, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған игі қадам болды.