Жаңалықтар
«Берік отбасы» жобасы сәтті аяқталды
12 наурыз 2026 14:15
Атыраудағы NIS-те отбасылық құндылықтарды нығайтуға және ата-ана мен бала арасындағы өзара байланысты дамытуға бағытталған «Берік отбасы» жобасы сәтті аяқталды.
Негізгі мақсаты – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі саналатын отбасы институтын сақтау, сондай-ақ, ата-аналар мен қамқоршыларға балаларды тәрбиелеу мәселелерінде қолдау көрсету болды. Бағдарлама ата-аналардың күнделікті өмір ырғағын бұзбай, тәрбиелік мәселелерді бірге талқылауға мүмкіндік берді.
Жоба аясында жеті тақырыптық кездесу өткізілді. Сабақтарда «Махаббат пен шектеу», «Отбасылық құндылықтар мен ережелер», «Отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты нығайту», «Жақсы мінез-құлықты мадақтау» және «Эмоцияларды басқару» сияқты маңызды тақырыптар қарастырылды.
Бағдарламаның негізгі қатысушылары – мектептің 7-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары. Бірнеше апта бойы олар пікірталастарға, тренингтерге және бірлескен іс-шараларға белсенді түрде қатысып, тәжірибе алмасты.
Шара қорытындысында мектеп директорының орынбасары Қазбек Жайлауұлы қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады. Ата-аналар жоба ұйымдастырушыларына шынайы алғыс білдіріп, оның отбасылар үшін маңызы зор әрі пайдалы болғанын атап өтті. Қатысушылар өздерінің жағымды әсерлерімен бөлісіп, мектепте осындай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік білдірді.