logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Оқушылар «Интернат наны» әңгімесін талқылады

09 ақпан 2026 10:55

Атыраудағы NIS-те «Алатау» шаңырағы «Бірге оқиық» жобасы аясында Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесін оқып, шығарма бойынша зияткерлік алаңда бас қосты. Шаңырақтың кіші топтары соғыстан кейінгі жылдардағы балалардың интернаттағы өмірінен көрініс қойып, бір үзім нанның қадірін, ашқұрсақ балалардың сабыры мен төзімін ұғынғандай болды.

Шаңырақ оқушыларының бірі «Нан қадірін біз қалай түсініп жүрміз?» деп, ішкі тебіренісін монологпен жеткізсе, енді бірі қазіргі мектеп интернатындағы басынан кешкен оқиғаларын бейнеролик арқылы әңгімелеп, көрермен ықыласына бөленді.

«Кешегі интернат наны аға ұрпақты сабырға үйретсе, бүгінгі интернаттағы молшылық бізді білімге, болашаққа жетелейді», - деп түйіндепті әңгімесін 11В сынып оқушысы Шахкәрім Бектілеу.

Тақырыпқа орай трендте жүрген «Мақалды жалғастыр» ойынын видеоға түсіріп, үлкен экраннан тамашалаған оқушылар «импровизатор» достарының тапқырлығына риза болысты.

Шара барысында балалар шығарма сюжеті бойынша ЖИ дайындаған суреттерді ретімен орналастырса, шаңырақтың барлық оқушысы «Kohoot» ойынына қатысып, сұрақтарға жауап берді.

Шара соңында «Балаларға базарлық» айдарымен ұтыс ойындары ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылып, белсенділік танытқан оқушылар марапатталады.

Оқушылар іс-шараны ұйымдастырған қазақ тілі пәнінің мұғалімі Г.Әлімқызы мен шаңырақ кураторы М.Мақсотқызына алғыстарын білдірді.