Жаңалықтар
Ақтаудағы NIS оқушылары өңіраралық экологиялық форумда өз бастамаларын таныстырды
08 маусым 2026 10:25
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған өңіраралық экологиялық форумға белсенді қатысып, жастардың экологиялық бастамалары мен волонтерлік жобаларын таныстырды.
Өңірлік деңгейде ұйымдастырылған маңызды басқосуда мектептің «Эколидер» волонтерлік клубының мүшелері қоршаған ортаны қорғау бағытында жүзеге асырып жүрген жұмыстарын таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Форумның «Эковолонтерлік қозғалысты дамыту және жастар бастамаларын қолдау» секциясында жастардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі, еріктілік қозғалысын дамыту және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды. Аталған секцияны Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің экология бойынша үйлестірушісі, «Эколидер» волонтерлік клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова жүргізді.
Өз сөзінде Бақытгүл Жақсылықова биылғы жылдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Дүниежүзілік волонтерлер жылы болып жарияланғанын атап өтті.
– Президент еріктілікті Әділетті Қазақстанды құрудың және озық ойлы қоғам қалыптастырудың негізгі тірегі ретінде бағалайды. Волонтерлік қызмет уақытша науқан емес, қоғамның өмір салтына айналуы тиіс маңызды құндылық, – деді Бақытгүл Жақсылықова.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараны Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абат Өрісбаев ашып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғау ісіндегі қоғамдық белсенділіктің маңыздылығына тоқталды.
Секция жұмысына экоблогер Гүлайым Қибасова, теңіз сүңгуірі Қанат Абдиев, «Qazaq Balyq» қауымдастығы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Данияр Әкімжанов және «Эколидер» клубының белсенді мүшелері қатысты.
Форум соңында экология саласының дамуына үлес қосқан белсенділер марапатталды. Олардың қатарында Бақытгүл Жақсылықова «Қазақстан Республикасы Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, «Эколидер» волонтерлік клубының президенті Нұрай Джумабаеваға велосипед табысталып, клубтың белсенді мүшелері алғыс хаттарға ие болды.
Форум жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға, еріктілік мәдениетін дамытуға және табиғатты қорғау бағытындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.