logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

КҮННЕН ҚУАТ АЛАТЫН БАТАРЕЯЛАРДЫ МЕКТЕПТЕРГЕ ОРНАТУ ЖОБАСЫ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚҚА ИЕ БОЛДЫ

17 наурыз 2026 15:24

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Қадырбек Даулетов және білім ордасының 9-сынып оқушылары Айсана Жангалиева, Анель Тасмагамбетованың бірігіп жасаған «Маңғыстаудағы күн әнергиясының мүмкіндіктері: Біз қанша энергия жоғалтып жатырмыз?» ғылыми-зерттеу жобасы авторлық құқыққа ие болды.

 Жобаның нақты ұсынысы – өлкедегі білім ордаларында қолданылатын электр энергиясының бір бөлігін күннен энергия алатын батареяларды орнату арқылы алып, нәтижесінде электр энергиясын үнемдеу. Бұл идеяны оқушылар қыркүйек айынан бері жоба ретінде қарастырып, қазіргі таңда экономикалық тұрғыда тиімділігіне есеп жүргізуде.

-          Маңғыстау облысы күн сәулесі көп түсетін аймақтың бірі. Оның үстіне зияткерлік мектеп территориясында күн сәулесі панелдері бар. Олардың нәтижесін көру арқылы, біз қазіргі жалпы білім беру мектептеріне панельдерді орнатуды ұсынып отырмыз. Жобамыз бірнеше бағытта даму үстінде, - дейді оқушылардың жетекшісі Қадырбек Сансызбайұлы.

Жоба авторларының сөзінше, қазіргі таңда басты бағыт - күн сәулесі панельдерінің мектеп территориясына орнатудан бұрын мемлекеттік бюджетке салынатын соманы есептеу, оның ақталуы мен, ұзақ мерзімге қолдануға жарамдылығын анықтау маңызды. Жас математиктер қазір экономикалық тұрғыдан тиімділігін есептеп жатыр.

-          Білім беру ұйымдарына мұндай жобаны нақты енгізу үшін алдымен экономикалық тиімділігін анықтау қажет. Сонымен қатар, біздің мектебімізде орнатылған күн панельдері жинақталған альтернативті энергияны сақтамайды. Ал біз зерттей келе жинақталан күн панельдерін тауып, олардың артықшылығына, сипаттамасына талдау жасадық. Соңғы шыққан модельдер мектептер үшін өте тиімді болғалы тұр. Олар 25 жылға дейін электр энергиясын өндіре алады, - дейді Айсана Жангалиева.

Жас ізденушілер алдағы уақытта эксперименталды түрде күн панельдерін жалпы білім беру мектептерінің біреуіне енгізіп, нәтижесін тексеруді жоспарлап отыр. Зерттеу жұмысы оң нәтижесін берсе құзырлы органдарға нақты ұсыныспен шықпақ.

Айта кетейік, Ақтаудағы NIS қабырғасында 2019 жылы 320 күннен энергия жинайтын панельдер орнатылған болатын. Нәтижесінде оқу орны 15-20% электр қуатын үнемдеп отыр.