Жаңалықтар
NIS AKTAU ТҮЛЕГІ 10 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР
12 наурыз 2026 13:13
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2019-2020 оқу жылының түлегі Райымбек Ақкөлұлы Маңғыстау облысында 10 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды білім ордасының баспасөз қызметі. Түлек жеке детейлинг орталығын ашып, өлке тұрғындарын жұмыспен қамтуды 1 жыл бұрын бастаған.
Райымбек Ақкөлұлы – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасы, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі. 2024 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «химия» мамандығы бойынша тәмамдады.Таңдаған мамандығын басқа қырынан ашып, 2025 жылы серіктесі Бауыржан Алдияровпен Ақтаудағы «ABS deteiling» химиялық тазалау орталығының негізін қалады. Үйленген, бір баланың әкесі.
Жеке кәсіпкердің сөзінше, Ақтау қаласының жүргізушілеріне химиялық тазалау, көлікке қорғаныс қаптамаларын жабыстыру сұранысқа ие. Бастысы - сапалы қызмет көрсетуді жолға қою керек. Бұл тұрғыда жеке кәсіпкер серіктесімен үлкен ізденіс үстінде. Қазіргі таңда 10 адамға тұрақты түрде жалақы төлеп отыр. Алдағы жартыжылдықта тағы да 5-10 адамды жұмыспен қамтамасыз еткісі келеді.
- Біз әлі пайда табуға шыға қойған жоқпыз. Бірақ, қазір біздің мақсатымыз – қызмет көрсетуді жоғары деңгейге көтеріп, қызметкерлерімізге ҚР заңнамасына сәйкес толықтай жалақы төлеуді жолға қою. Бұйырса әріптестеріміздің қатарын көбейтіп, өлке экономикасының алға жылжуына үлес қосқымыз келеді, - дейді жас кәсіпкер.
Айта кетейік, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 11 жылдық тархиында 941 түлекті ұшырды. Қазірде олар жоғары оқу орынын тәмамдап, еңбекке араласып, еліміздің дамуына өз үлесін қоса бастады.
- Біз үшін түлектеріміздің еліміздің өркендеуіне үлес қосуы маңызды. Олардың әр салада - Маңғыстау облысында еңбек етуі қуантады. Зияткерлік мектепте қазірдің өзінде мектебіміздің 11 түлегі педагог болып еңбек етіп жүр, - дейді мектеп директоры Ринат Жұмабаев.