Жаңалықтар
«Эколидер» волонтерлік клубы Халықаралық қысқы құстар санағына қатысты
26 қаңтар 2026 15:55
NIS Aқтау «Эколидер» волонтерлік клубы «Қаракөл сақшылары» жасағының белсенді мүшелері Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалының бөлігі Қаракөл көлінде International Waterbird Census (IWC) – суда жүзетін және су маңайы құстарының 60-Халықаралық қысқы санағына қатысты.
Экологиялық санаға үлес қосып келе жатқан «Эколидер» клубы бұл халықаралық мониторингке 10 жыл қатарынан тұрақты түрде қатысып келеді.
Мерейтойлық санаққа NIS оқушыларымен қатар ECOJER аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қозыбақов, сонымен қатар Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Қалдыбай Мамаев және ғылыми қызметкерлері мен инспекторлары қатысты.
«Санаққа алғаш рет қатысқан «эколидерлер» Қазақстан Қызыл кітабына енген сұңқылдақ аққудың ерекше дауысын естігенде және аққұйрықты субүркіттің биікте қалқып ұшқанын көзбен көргенде ерекше әсерленді. Көпшілігі әсерлерін эссе арқылы жеткізді» -дейді NIS Aқтау экология бойынша үйлестірушісі, «Эколидер» волонтерлік клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова.
Санақ нәтижесінде Қаракөл көлінде анықталған құстардың түрлері: сыбырлақ аққу – 200 жуық, қасқалдақ – 150 жуық, өгізшағала – 100 жуық, барылдауық үйрек – 50 жуық, сарыайдар үйрек – 18, сұңқылдақ аққу – 7, саз құладыны – 3, аққұйрықты субүркіт – 2, көкқұтан – 1 дарақ.
Санақ қорытысында Қалдыбай Мамаев Үстірт қорығының атынан «Эколидер» волонтерлік клубы «Қаракөл сақшылары» жасағына алғыс білдіріп, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптасуына қосқан үлесі үшін грамотолар мен «Флора Устюртского природного заповедника» кітабын сыйға тартса, Бақытгүл Жақсылықоваға биологиялық алуантүрлілікті сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, табиғат қорғау іс-шараларының сапалы әрі тиімді жүзеге асуына қосқан зор үлесі үшін алғыс хат табыстады.