Жаңалықтар
SAT емтиханының үздіктері: Жоғары нәтиже — табандылықтың жемісі
15 қаңтар 2026 15:40
Алматы–Наурызбай Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы 11 «Е» сынып оқушысы Арыстан Маренов халықаралық SAT емтиханында 1580 ұпай жинап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Айта кету керек, бұл емтихандағы ең жоғары мүмкін балл — 1600.
Арыстан дайындықты 10-сыныптан бастап жүйелі түрде жүргізген. Алғашқы тапсырған емтихан нәтижесі өз көңілінен шықпағанымен, ол бұл жағдайды тоқтау емес, жаңа серпін деп қабылдаған. Дайындықты күшейтіп, білімін тереңдете отырып, емтиханды қайта тапсырып, өз мақсатына жетті.
Оқушының айтуынша, табысты нәтижеге жетудің басты кілті — тұрақты еңбек пен терең ойлау дағдысы.
«Оңай жолды іздемеңіздер. Ағылшын тілінде көп кітап пен ғылыми мақалаларды оқыңыздар. Мен ағылшын тілін сүйіп оқимын, оның жаңа қырларын ашуға тырысамын, күрделі ақпараттарды талдауды ұнатамын. Дәл осы қасиеттер мені емтиханды жақсы тапсыруға ынталандырды», — деп бөлісті Арыстан.
Арыстан Мареновтің жетістігі — табандылық пен үздіксіз еңбектің жарқын үлгісі. Бұл нәтиже оның алға қойған биік мақсаттарына сенімді қадам жасап келе жатқанын айқын көрсетеді.