Жаңалықтар
NIS оқушысы психологиялық қолдау көрсететін AI веб-сервис әзірледі
28 қаңтар 2026 11:03
NIS Алматы-Медеу оқушысы Алишер Усманов стресс, мазасыздық және эмоционалдық күйзеліс жағдайында қолдау көрсетуге арналған AI негізіндегі психологиялық веб-сервис әзірледі.
Жоба веб-сайт форматында іске асырылған және ұялы телефондар мен компьютерлерде қолдануға бейімделген. Сервис тәулік бойы (24/7) қолжетімді және пайдаланушыларға дәл сол сәтте ішкі ойларын реттеуге, мазасыздықты азайтуға және эмоционалдық жеңілдік алуға көмектеседі.
AI-сервис психология, спорттық психология және когнитивті-мінез-құлық терапиясы (CBT) бойынша кәсіби әдебиеттерге негізделген деректер базасы арқылы жұмыс істейді. Платформа диагноз қоймайды және дәстүрлі психотерапияны алмастырмайды, оның негізгі мақсаты – қолдау көрсету және бағыт беру.
Жобаның ерекше маңыздылығы – қазақ тілін қолдауы. Бұл қазақтілді аудитория үшін психологиялық көмекті қолжетімді әрі ыңғайлы етеді. Қазіргі таңда сервис дамуындағы бастапқы кезеңде болғанына қарамастан, оны 53 пайдаланушы қолданып үлгерді.
– Спортта жүрген кезде психологиялық тұрақтылықтың нәтижеге тікелей әсер ететінін өз тәжірибемде көрдім. Командаластарымның қысым мен стресстің салдарынан сүйікті ісінен ләззат алуды жоғалта бастағанын байқадым. Сол кезде адамдарға әрдайым жанында бола алатын, кәсіби әрі жүйелі қолдау көрсететін құрал қажет екенін түсіндім. Бүгінде пайдаланушылар сервистің арқасында өздерін жеңілірек сезіне бастағанын айтқанда, жасаған еңбегімнің нақты пайдасы барын сезінемін, – дейді Алишер Усманов.