Зияткерлік мектептің арланы анықталды

Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қазақ Арланы – 2020» әскери-спорттық байқауы өтті.

Сайыстың мақсаты оқушыларды алғашқы әскери дайындық негіздерін үйрету, салауатты өмір салтын ұстануға баулу, әскери-қолданбалы спорт түрлеріне машықтандыру, серіктестік, жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру.

– Мектебімізде әскери-патриоттық шаралар көп. Солардың бірі дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген – «Қазақ Арланы». Ұл балалар отан қорғауға арналған барлық дағдыларын көрсетіп, өзара жарысады. Қайсарлық мінез бен ептіліктерін шыңдайды. Қыз балаларымыз да әскери өнерден тысқары емес, – дейді мектептің АӘД пәні мұғалімі Ғани Аденов.

Алғашқы кезеңде қатысушылар «АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинау», «Зардап шегушіге таңғыш қою», «Мылтық ату», «Әскери атақтар, әскер түрлері» бойынша өз ептіліктерін көрсетті.

         Жарыстың екінші бөлімінде «Етбетінен жатып денені көтеру», «Кір тасын көтеру», «Шалқалай жатып денені көтеру» сияқты сынақ түрлерінен өтті.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды Арслан Айменов, ІІ орынды Алмат Түзелбай, І орынды Мұхаммедали Түйтебаев жеңіп алды. Бас жүлде, яғни «Қазақ Арланы – 2020» атағы Сұлтан Мұстафинге бұйырды.