banner

Жаңалықтар

Белсенді оқушылар марапатталды

04 ақпан 2025 03:06

Атыраудағы NIS-те оқу жылының 2-тоқсан қорытындысы бойынша белсенді әрі үздік оқушыларды жетістіктерімен марапаттау шарасы ұйымдастырылды.

Бұл жолғы дәстүрлі шарада оқушыларды мектеп директорларының орынбасарлары Қазбек Азирбаев пен Казыбек Каныбеков сахна төрінде алма-кезек марапаттап, жүлделерін табыстады.

Алдымен 2-тоқсан қорытындысы бойынша «Үздікке үміткер оқушылар», одан соң «Үздік оқушылар» марапатталды.

Сондай-ақ, мектебіміздің «TechAlan» (Техалаң) STEM-клубы мен жергілікті IT-орталық - Atyrau IT Hub-тың бірлескен бастамасымен жүзеге асырылған дәстүрлі желілік STEM Camp-қа белсене қатысқан оқушылар таныстырылды.

Ақтау қаласындағы NIS-те «Тіл ұлттарды біріктіретін ұлы күш» апталығы аясында ұйымдастырылған «Даналық додасы» атты желілік сайыс сабағына белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен, Ақтау қаласында өткен робототехникадан Batys First Championship сайысында жүлделі 2-орын алған мектебіміздің белсенді де білгір оқушылары да назардан тыс қалмады.

Одан әрі 7 және 8-сыныптар арасындағы республикалық жасөспірімдер олимпиадасының желілік кезеңінде 1-орын алған оқушыларға, мектепшілік пән олимпиадасының қорытындысы бойынша жүлделі орын алған және республикалық пән олимпиадасының желілік кезеңіне өткен оқушыларға, осы оқушылардың арасындағы желілік кезеңде бақ сынап, жүлделі орынға ие болған жеңімпаздарға тиісті жүлделері табысталды.

Мамандандырылған білім беру ұйымдарының 10-11 сыныптар арасында өткен «Қазақстан Білім Олимпиадасында» түрлі пәндер бойынша жақсы нәтиже көрсеткені үшін мадақтама грамотасына, жүлделі орындарға лайық деп табылған, Астана қаласында математика, физика, информатика бойынша ХХІ Халықаралық Жаутиков олимпиадасында мықты оқушылар арасынан топ жарып, физика пәнінен ІІ орынға ие болған оқушыға арнайы марапаттары табысталды.

Байқағанымыздай, бұл жолы белсенділік танытқан оқушылар қарасы қалың. Үздіктер қатары көбейе берсін! Барша жеңімпаз оқушыларымызды арнайы жүлделерімен шын жүректен құттықтаймыз!