banner

Жаңалықтар

Пушкин апталығы: мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды

27 қаңтар 2025 08:09

Атыраудағы NIS-тің 7-сынып оқушылары арасында А.С. Пушкиннің туғанына 225 жыл толуына орай ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауы өтті.

Доданың басты мақсаты – оқушылардың көркем шығарманы қабылдау қабілетін дамыту, шығармалардың эмоционалды бояуын интонациямен сөйлеу мәнерлілігі арқылы жеткізу дағдыларын қалыптастыру, әдебиетке қызығушылықтарын арттыру және классикалық мұраға құрмет сезімін қалыптастыру болатын.

Орыс тілі пәні бірлестігінің ұстаздары Нұрсұлу Әлиева мен Гүлмира Түлкібаева ұйымдастырған байқау алдында мұғалімдер оқушыларға дұрыс интонация, мәнерлілік және мәтінді анық жеткізудің маңыздылығы туралы нұсқаулық өткізді. Сонымен қатар, оқушыларға сөйлеу техникасы мен мәтінді оқу кезінде акцент қою бойынша кеңестер берілді.

Жарысқа әр сыныптан алдын ала іріктеуден өткен 7-сыныптың 8 оқушысы қатысты. Қатысушылар сахнада өз кезегімен өлеңдерін оқыды. Олардың өнерін мектеп мұғалімдері мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раушан Бердиева төрағалық еткен әділқазылар алқасы бағалады. Әр оқушы шығарманы тек сөзбен ғана емес, сонымен бірге туындыға терең мағыналық талдау жасай отырып орындауға тырысты.

Қорытынды бойынша 7Н сынып оқушысы Ратмир Маркелов бас жүлдені қанжығалады.

Сондай-ақ, 7 «В» сынып оқушысы Нүрикамал Молдабекова жүлделі 1, 7 «D» сыныбының оқушысы Қыдырәлі Еркінұлы 2-орын иеленсе, 7 «А» сынып оқушысы Ализия Оракова 3-орынды місе тұтты.

Жеңімпаздар дипломдармен және А.С. Пушкиннің шығармалары көрініс табатын ерекше сыйлықтармен марапатталды.

Бұл байқау оқушылардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуде, мәнерлеп оқу дағдыларын дамытуда және мәтінмен жұмыс істеу шеберлігін арттыруда маңызды қадам болды. Мұғалімдер оқушылардың мәнерлеп оқу өнерлерінің айтарлықтай жақсарғанын, сондай-ақ олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығы мен белсенділігі оң бағаға ие екендігін атап өтті.