
Жаңалықтар
Атыраудағы NIS-те буллингке қарсы «Kiva» апталығы мәресіне жетті

27 қаңтар 2025 11:17
Шаралар легі оқушылар сұрауымен мектепішілік дебат турнирімен тәмәмдалды. 8 «А», «В», «С», «Д», «Н» сыныптарынан іріктелген командалар «БП тәрбиелеудің кейбір принциптері (тыйым салу, ұлттық тәрбие нормалары т.с.с.) буллингке жатпайды деп есептейді», «Бұл палата кибербуллингтің алдын алу үшін оқушыларды барлық әлеуметтік желілерден заң жүзінде шектеуді қолдайды» атты қарарлар бойынша 3 раунд бойы өзара бақ сынасып, іріктеу финалына 4 фракция жолдама алды. Оқушылар мектептерде кибербуллингті болдырмас үшін әлеуметтік желілерді шектеу керек деген пікірді жоққа шығару не шығармау туралы ұзақ таласты.
Ақтық мәреге жеткен «Шырақ» және «Достық» фракциялары буллингті болдырмас үшін мектептерде жаңа тәрбиелеу жүйесін ұсынды. Оқушылардың басым бөлігі «Kiva» бағдарламасын Қазақстанның барлық мектептерінде қолдануды ұсынса, қарсы тарап бұл бағдарлама тек академиялық білім деңгейлері жоғары, яғни іріктелген оқушылар арасында жүзеге асыру қажеттігін алға тартып, мүмкіндігін дәлелдеді.
Оқушылардың шешендік қабілеттері мен өз ойын дәлелдей алу мүмкіндіктеріне дебат үйірмесінің қатысушы оқушылары, облыстық турнирлердің жеңімпаздары, республикалық дебат сайыстарына қатысып жүрген 9-сынып оқушылары төрелік етті. Шараның қорытындысы бойынша жеңімпаз топтарға түрлі сертификаттар табысталып, «Үздік спикер», «Үздік төреші» сынды номинациялар берілді.
Сондай-ақ апталық аясында «Буллингке жол жоқ! тақырыбында викторина ұйымдастырылды. Негізгі мақсат — оқушылардың буллингке қарсы көзқарасын қалыптастыру, буллингпен күрестің қажеттілігін және достық пен татулықтың маңызын терең ұғындыру. Kahoot платформасының көмегімен өткен викториналық ойын барысында қатысушылар буллингтің себептері мен оның алдын алу бойынша сауалдарға жауап берді. KiVa апталығы аясындағы тағы бір маңызды шара «Буллинг туралы не білеміз?» атты ата-аналардың қатысуымен дөңгелек үстелі. Шара барысында ата-аналарға KiVa бағдарламасы және буллинг туралы қысқаша ақпарат берілді. Кейін арнайы даярланған сұрақ-жауап айдары арқылы ата-аналар тақырып төңірегінде өз ойларын ашық жеткізіп, ойталқыға салды.
KiVa бағдарламасын тарату аясында мектеп дәліздерінде орналасқан теледидарлар арқылы оқушылар назарына әлімжеттікті тоқтату, қысым көрсету амалдарын әшкерелеу бойынша қысқа әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді. Мұның барлығы буллингті алдын алу және мектеп оқушылары арасында қолайлы ортаны қалыптастырудағы игі амалдардың бірі.