Тараздық NIS Ұстаздар күнін атап өтті

Мұғалімдер күні қарсаңында Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бірқатар педагогтары білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Мектептің 30-дан астам мұғалімі Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаевтың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы К. Шәмшидинованың, облыстық білім басқармасының, Тараз қаласының Педагогикалық шеберлік орталығының, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің марапаттарына ие болды.

Айтулы күні ұлағатты ұстаздарды тек марапаттау ғана емес, мектеп оқушыларының шығармашылық онлайн құттықтауы да күтіп тұрды. Олар өздерінің ізгі құттықтауларын ән мен би, жылы тілектер мен қойылымдар түрінде жеткізді. Ең бастысы, олардың жанарынан ұстаздары алтын ұя мектебіне тезірек оралуға деген үлкен ықыласты көре алды.