«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе…»

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе…» деген атаумен Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұлы ақынның 175-жылдығына арналған шара өтті. Оқушылардың орындауында Абай шығармашылығынан сыр шертетін сахналық қойылым көрсетілді. Шара Зияткерлік мектептердің «Өшпес із, өлмес мұра қалдырған» жоба аясында жүзеге асты.

Қойылым желісіне сай ақынның балалық шағынан бастап үлкейген шағына дейінгі кезеңі сахналанып, өлеңдерінің шығу тарихына шолу жасалды. Сондай-ақ, әкесі Құнанбайдың берген тәлім-тәрбиесі мен өсиеттері де айтылды.

Кеш соңында  филология ғылымдарының кандидаты, доцент, абайтанушы Саламатова Рахат Маханбетжанқызы сөз алып, өз зерттеулерінің нәтижесімен бөлісті. Мектеп директоры Абай туралы эсселер байқауының жеңімпаздарын марапаттап, дипломдар тасбытады.